2099 жылға дейін технология қалай дамиды?
2099 жылға дейін технология қалай дамиды?
8 жыл бұрын 4906 Baq.kz kaznews.mn Д.Өмірбек

Бұл мақала Курцвейлдің келесі 80 жылға қаратқан болжамына арналмақ.  

Өткен жылдың басында Детроиттағы (АҚШ) SAE 2015 конгресінде Рэй Курцвейл технологиялар дамуының 2099 жылға дейінгі болжамын жасады. Егер аталған болжамды жүйелесек, қоғам өміріндегі шешуші салалардың ХХІ ғасырдың соңына дейінгі дамуына көз шалуға болады.
Сонымен 2099 жылға дейін технология қалай дамиды?


2019


Адамдардың көпшілігінде бірнеше компьютерден болады. Құны 4000 доллар тұратын компьютерлердің есептеу қуаты секундына 20 квадриллион есептеуге жетпек. Микрокомпьютерлер барлық нәрсеге енгізіледі – киімге, бағалы заттарға, жиһазға, тіпті қабырғаға дейін. Кішірею фото мен видеоға да қатысты, объективтер түйреуіштің басындай болады.
Адамдар виртуалды шынайылыққа қол жеткізеді, яғни бейне көздің ішкі тор қабығында пайда болмақ. Қолданушылар өз компьютерлерімен екі жақты (сөйлеу және ым-ишара) интерфейс арқылы байланысқа түседі, пернетақта еш қажет болмай қалады. Перифериялық құрылғылардың кабельдер мен сымдар арқылы жұмыс істейтін нұсқалары толықтай жойылады.

Студенттердің барлығы компьютерге қол жеткізеді. Негізгі білім беру қашықтықтағы адаптивті курстар негізінде ұйымдастырылады, яғни ондай курстарға оқытушылар мен студенттер қашықтықта отырып қатысады.
Көзі нашар көретіндер мен мүлдем көрмейтіндер шынайы өмірді дауысталған сөзбен түсіндіріп бере алатын көзілдірік таға алатын болады. Ал құлағы естімейтіндер сөйленген сөзді мәтінге немесе таңбаға, музыканы бейнеге айналдыратын құрылғыларды таға алады. Сондай-ақ, жасанды көз торы, бионикалық құлақ және тағы да басқа нейроимлантаттар пайда болады, алайда олар шектелген көлемде болмақ.
Жұлыны зақымдалғандар қайтадан жүре бастайды. Бұл үшін оларға интерфейс арқылы адам миымен басқарылатын экзоқаңқа көмектеседі.
Автоматты аудару жүйелері тиімді болғаны сонша, кәсіби ортада және күнделікті өмірде кеңінен қолданылатын болады.



2021


Жер бетінің 85 пайызында интернет қолжетімді болады. Ол негізінен сымсыз және арзан болмақ. Формалды төлем автоматты түрде алынады.
Компьютерлік бағдарламалар өнер туындыларын заманауи авторлармен бірдей немесе олардан жақсы етіп жасай алады. Жасанды интеллект (АI – artificial intellect) жасаған суреттер, музыкалық композициялар және мүсіндер пайда болады.
Қағаз кітаптар раритетке айналады. Мәтінді оқудың негізі құралы анықтығы жоғары жеңіл портативті дисплейлер болмақ.


2022
Роботтар үй жануарлары секілді күнделікті өмірдің қарапайым құрамдас бөлігіне айналады. Дамыған елдер адамдар мен роботтардың қарым-қатынасын реттейтін заңдар қабылдай бастайды.


2024
Автопилот жүйелері жеңіл, жүк және қоғамдық көліктерде кеңінен тарайды. Бірқатар елде жүргізушінің электронды ассистенті жоқ көлікті басқаруға тиым салынады. 2020 мен 2025 жыл аралығында шағын жеке ұшу аппараттары пайда болады.


2025
Тағып немесе алып жүретін электроника имплантацияланатын электроникамен ығыстырыла бастайды. Біз қартаюмен тиімді түрде күресе бастаймыз, әлі атауы жоқ нанороботтар көмегімен өз өмірімізді тұрақты түрде ұзартып отырамыз.


2028

Баламалы энергетика басқа салалардың дамуы үшін шешуші технологияға айналады. Ол басым концепция ретінде бекітіледі. Күн батареялары тиімді болғаны сонша, олардың жалпы қуаты энергиялық шығынның басым бөлігін жабуға мүмкіндік береді.


2029
Компьютерлік бағдарлама Тьюринг тестін өтіп қана қоймай, оны адамдардан әлдеқайда жақсы көрсеткішпен тапсыра алады. 1 мың доллар тұратын компьютер көпшілік салада орташа адамның миынан күштірек болады.
Миды модельдеу әлдеқайда нақты болмақ. Жүздеген әртүрлі субаймақтың функциясы, олардың даму және жұмыс істеу алгоритмі анықталады.


2031
Көптеген адамдар ерікті түрде киборгқа айналады және имплантаттардың шамадан тыс көптігінен «адамзат» ұғымы қайта қаралады. Кез келген ірі емханада машина ағза мүшелерін дайындай алады.
Миға және нейрондардың жекелеген топтарына тікелей қосылатын компьютерлік имплантаттар пайда болады. Олар адамға қосымша қабілеттер береді – есте сақтау және сезу қабілеттерін күшейту, реакция жылдамдығын арттыру және үйрену уақытын қысқарту.


2033
Компьютерлер адамның қатысуынсыз өздігінен білім ала алады. Биологиялық емес интеллект формалары адамзат санасы ұйымдасуының артықшылықтары мен машиналық интеллекттің ақпарат алмасудағы шексіз мүмкіндіктерін біріктіре алады.
Шамамен барлық автокөлік өздігінен басқарылатын болады. Ауылшаруашылық жұмыстары мен көлік жүйелері де толықтай автоматтандырылады.


2034
Жасанды интеллекттің дамуы машиналардың құқығын қорғайтын қоғамдық қозғалыстардың пайда болуы әкеледі. Орбиталық қорғаудың жаһандық бағдарламасы Жерді ірі метеориттер мен астероидтардың құлауына тиімді қорғайтын болады.


2038

Трансгуманизм шешуші бағыттардың біріне айналады. Нейроимплантаттар кез келген ақпаратты тезірек алуға мүмкіндік береді. Ағза жасушаларын жаңа функция атқаруға және ауруды емдеуге бағдарламалауға болады.


2041
Интернет-трафик жүздеген миллион есе өседі де, іздеу жүйелері барлық жерлерге орналастырылады. Жүйеге сұранысты BCI (Brain-computer interface) арқылы ой күшімен жіберуге болады.


2045
Мәңгілік өмір сүру алғаш рет жүзеге асады: нанороботтар апоптозды еңсеруге мүмкіндік береді және ағзаны кез келген теріс әсерлерден қорғайды.


2049
Нанороботтар тағамды қолда бар заттардан жасай алатын болады. Мұндай тағамды «табиғи» түрінен ажырату мүмкін болмайды, алайда оның сыртқы пішіні мен құрамын бағдарламаны модификациялау арқылы өзгерте беруге болады. Мысалы, ондай тағам майлы немесе майлылығы төмен бола алады, сондай-ақ оның құрамындағы амин қышқылдарының, дәрумендердің, микроэлементтердің көлемін өзгертуге болады, тіпті тамақты қорытуға көмектесетін ферменттерді сол тағамға алдын ала қоса аласыз. Синтетикалық тағамды әзірлеу технологиясы аштық мәселесін шешіп, азық-түлік өндіруді климаттық жағдайлар мен табиғи ресурстардан тәуелсіз етеді.
Виртуалды шынайылық пен нағыз шынайылықтың айырмашылығы жойылады. Бұған қосымша шынайылық жүйелерінің дамуы және кез келген физикалық объектінің өзін-өзі құрастыра алуы әсер етеді.


2072 — 2099
Нанотехнологиялар пикотехнологияларды тудырады. Адамдар өлшемі метрдің триллионнан бір бөлігін құрайтын құрылымдарды басқара алатын болады. Технологияық сингулярлық дәуірі келеді және ол адамзатпен бірге Жерден тыс аймаққа таралады. Біздің санамыз жасанды интеллектен күшті болмайды. Адамдар мен машиналар барлық деңгейде бірігеді. Адамдардың көпшілігінде тұрақты форма болмайды. Олар бағдарлама күйінде өмір сүреді және олардың саналары бірнеше физикалық объектіні басқарып, жаңаларын тудыра алады.

Ақпаратты дайындау кезінде интернет ашық көздерінен алынған материалдар қолданылды. 

1 пікір
  • 98 жылдары біз 1 курста жүргенде біздің факультеттің жоғары курс студенттерінің кейбірі Қазақтелекомда жұмыс істейтін. Солар айтатын болашақта үй телефонын қажет етпейміз, әрқаймымызда мынадай қалта телефоны болады деп, сол кездегі кірпіш телефондарын көрсететін. Мынау не деп отыр, мақтаншақ деп ойлайтынбыз. Аузымызды жиып болмай қалта телефонсыз өмір сүру мүмкін емес боп қалды.
    8 жыл бұрын
Мұрағат