Астаналық оқушы күнделікті тұтынатын суды есептейтін цифрлық платформа әзірледі
1 сағат бұрын 31 24.kz kaz.inform.kz Назерке Саниязова, Нұрбике Жігер, Асхат Райқұл, Нысаналы Ығыл, Ақылбек Есімсейіт0
Астана қаласындағы №91 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Жәңгір Әбуов «Су ізі» атты интерактивті цифрлық платформаны әзірледі, деп хабарлады 24.kz
Жоба әрбір қолданушыға күнделікті тұтынатын су көлемін есептеп, оны азайтуға бағытталған жеке ұсыныстар алуға мүмкіндік береді.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жас өнертапқышпен және оның жетекші педагогтерімен кездесті. Кездесу барысында «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ пен оқушының ата-анасы арасында платформаны дамыту және енгізу бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
«Су ізі» платформасындағы есептеулер пайдаланушылардың күнделікті әдеттерін ескере отырып жүргізіледі. Оған тұрмыста және тамақтану кезінде су тұтыну, сондай-ақ, су ресурстарын жанама пайдалану кіреді. Жүйе енгізілген деректерді автоматты түрде өңдеп, су тұтынуды азайтуға және күнделікті өмірде су үнемдеу тәжірибесін енгізуге бағытталған жеке ұсыныстар жасайды.
Жоба аясында су үнемдеу мәдениетін насихаттауға бағытталған қосымша бастамалар да қолға алынған. Атап айтқанда, №91 мектеп-гимназиясының тағы бір оқушысы Адият Шадияр «Тамшы» атты анимациялық кейіпкер арқылы су ресурстарын тиімді пайдалану жолдарын түсіндіретін қысқаметражды бейнероликтер сериясын ұсынды. Бұл материалдар балалар мен жасөспірімдерге арналған экологиялық білім беруді күшейтуге бағытталған. Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы мен оқушының ата-анасы осы ақпараттық өнімдерді кеңінен тарату бойынша да келісім жасасты.
Министр Нұржан Нұржігітов оқушылардың бастамасын жоғары бағалап, мұғалімдер мен ата-аналардың экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті.
«Бүгінгі басты міндеттердің бірі – халықтың суға деген көзқарасын өзгертіп, оны үнемдеуге баулу. Осы бағытта 2024 жылдан бері “Суды үнемде – болашақты сақта” жобасы жүзеге асырылып келеді. Білім беру ұйымдарында экосағаттар өткізіліп жатыр. Мұндай бастамаларға оқушылардың, педагогтердің және ата-аналардың қатысуы өте маңызды», – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі Алматы қаласындағы №79 гимназия оқушысы Дана Қадырбекпен де меморандум жасаған болатын. Ол атмосферадан су жинауға арналған наноматериал негізіндегі құрылғыны әзірлеп, Венада өткен БҰҰ форумында үздік жас өнертапқыштардың қатарына енген еді.
Қызылордалық оқушы егістіктегі су шығынын азайтатын қондырғы құрастырды
KAZINFORM – Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Айзере Жақыпбек су тапшылығы күрделенген уақытта егіс алқабындағы ирригациялық жүйені жетілдірудің жолын тапты.
Ол бұл мәселені автоматтандырылған суару жүйесін қолдану арқылы шешуге болатынын дәлелдеді.
- Жоба барысында ұстазымыздың жетекшілігімен егістікті тиімді суаруға арналған Arduino процессорына негізделген қондырғы құрастырдым. Қондырғы топырақ ылғалдылығы, ауа температурасы және жарық мөлшері туралы ақпаратты арнайы датчик арқылы қабылдап, алынған дерекке сүйене отырып суды үнемді жұмсауды қамтамасыз етеді. Мұндай жүйе су шығынын 25-30 пайызға дейін азайтып, артық суару салдарынан туындайтын топырақ эрозиясы мен құнарсыздануының алдын алады, - деді Айзере Жақыпбек.
Фото: Назарбаев зияткерлік мектебі
Жоба авторы су ресурсы осы замандағы ең басты құндылық екенін, әлемдік климаттың өзгеруі мен халық санының өсуі салдарынан оған сұраныс артқанын атап өтті.
- Қазақстан жағдайында бұл мәселе айрықша сезіледі. Себебі, еліміздің көп бөлігі аридті, шөлді және шөлейт климат аймағында орналасқан. Соңғы жылдары егіс алқабында су жетіспеушілігі анық сезіле бастады. Ал бұл ауыл шаруашылығына тікелей кері әсерін тигізеді. Осыған байланысты ирригациялық жүйелерді жетілдіру – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар бағыт, - деді оқушы.
Автоматтандырылған жүйенің дәстүрлі әдіске қарағанда тиімді екені тәжірибе барысында дәлелденген. Өсімдіктер қолайлы уақытта суарылып, тамыр жүйесінің ауруы азайған. Бұл бір жағынан фермер еңбегін жеңілдетіп, өнімділікті арттыруға сеп.
Фото: Назарбаев зияткерлік мектебі
- Ирригациялық жүйені жетілдіру – тек агротехникалық жаңалық қана емес, ол — еліміздің экономикалық тұрақтылығын, экологиялық қауіпсіздігін және әлеуметтік дамуын қамтамасыз ететін тиімді шешім. Автоматтандырылған суару технологиясы – Қазақстандағы ауыл шаруашылығы үшін болашақтың кілті, - деді жоба авторы.
Ауыл шаруашылығындағы су үнемі 30%-ға жетті
Аста-төк дүние жоқ. Біздің ел ауыл шаруашылығына жұмсалатын суды 30 пайызға үнемдейді. Қазір елдегі тіршілік нәрінің 60 пайыздан астамын агросектор пайдаланады. Сондықтан егісті әртараптандыруға көңіл бөліне бастады. Су үнемдеу технологиясын енгізу міндет. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Диқанның жаңа технологияны құруға жұмсаған шығыны 80 пайызға дейін өтеледі. Қолдау тетіктері жемісін бере бастады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайын 150 мың гектар алқапта су үнемдеу желісі іске қосылып жатыр. Бүгінде елдегі суармалы алқап 1 млн 300 мың гектардан асады. Оның жартысына жуығы үнемдеу технологиясымен жабдықталған. Үкімет жоспары келешекте барлық алқапты осы технологияға көшіруді көздейді.
Ақерке Молдабек, ҚР СРИМ Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің бас сарапшысы: - 543 мың гектардың ішінде 313 мың гектары бізде жаңбырлатып суару технологияларымен суғарылады. Ал 167 мың гектары тамшылатып суару технологияларымен суғарылады. 65 мың гектары лазерлік тегістеумен тегістеліп отыр, Қызылорда облысындағы күріш алқаптары. Қазіргі таңда көріп отырмыз, осы іс-шаралар суды ауыл шаруашылығы бөлінісінде 20-30 пайызға дейін үнемдеуді көрсетіп отыр.
Қазақстан суды тұтынуды үнемдеу бойынша Орталық Азияда алдыңғы орынға шықты
Бұған саланы цифрландыруды күшейту оң ықпал еткен. Еліміз тіршілік нәрін пайдалану бойынша әлемдегі 193 мемелекеттің ішінде 31-орынға табан тіреді. Осы ретте Біріккен ұлттар ұйымы су тапшылығы бақылауға алынса, оңтайлы шешімін табуға болатын мәселе, ал дағдарысқа ұласқан жағдайда күрмеуі қиындап, мемлекеттің тұрақты дамуына қауіп төндіретінін ескертеді.
Қазақстанда осы уақытқа дейін су саласы бойынша 23 мыңнан астам нысан цифрландырылды. Оның ішінде 17 758 өзен, 3 148 көл және 1 109 гидротехникалық құрылыс бар. Жасанды интеллектіге негізделген жүйе су ресурсын тиімді бөліп, ағыны мен қорын бақылау бойынша ұтымды тәсілдер ұсынады.
Енді Орталық Азия елдері бойынша Қазақстан тіршілік нәрін ең үнемді тұтынатын ел атанып отыр. 1 адам тәулігіне шамамен 3397 литр су пайдаланады. Бұл өзге мемлекеттермен салыстырғандағы ең төменгі көрсеткіш. Салыстырмалы түрде алғанда, Қырғызстанда су тұтыну көлемі - 4153 литрді, Тәжікстанда - 4460, ал Өзбекстанда - 4778 литрді құрайды. Жан басына шаққандағы су тұтыну көлемі бойынша әлемде Түрікменстан көш бастап тұр. Елде бір адам тәулігіне орта есеппен 15 445 литрге дейін су пайдаланады.
Халықтың су тұтыну көрсеткіші
Қазақстан - 3 397 литр
Қырғызстан - 4 153 литр
Тәжікстан – 4 460 литр
Өзбекстан – 4 778 литр
Түрікменстан - 15 445 литр
Лаура Сейілбек, эколог: - Қазіргі таңда су тұтынуы төмендеуі, нтт де ол және ең озық қолжетімді технологиялар дейді, соны енгізумен байланысты. Кәсіпорындар айналадағы су жүйелерін қайтадан өңдейді және де цифрлық бақылауға, заманауи тазарту технологияларына көшуде, осының арқасында су қайта пайдаланылып шығыны азайып жатыр.
Ал әлемде су тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді. Worldometers дерегіне сәйкес дүниежүзінде тұщы суға сұраныс жылына шамамен 64 миллиард текше метрге көбейіп отыр.
Суды ең көп тұтынатын елдердің қатарында Үндістан, Қытай және АҚШ бар. Бұл мемлекеттер жылына 700 миллиард текше метрге дейін су қолданады. Тізімде Қазақстан 31-ші орынға көтерілген. Еліміз жылына 22 млрд 770 миллион текше метр су пайдаланады. Бұл әлдеқайда төмен.
Суды үнемді тұтынуға келгенде жағдай, әсіресе, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Оңтүстік Азия мен Американың оңтүстік-батысында қиындап барады. Бейжің, Нью-Йорк, Дели, Лос-Анджелес және Рио-де-Жанейро сияқты қалаларды қоса алғанда, 38 шаһар «өте жоғары деңгейдегі су тапшылығына» тап болып отыр. Мәселеге ауыл шаруашылығында суды шамадан тыс пайдаланудан бөлек халық санының өсуі, өнеркәсіптік сұраныс пен коммуналдық тұтынудың артуы әсер еткен. Бұл өткен жыл бойынша Watershed Investigations компаниясы келтірген дерек.
Су тапшылығына әсер еткен факторлар
Халық санының өсуі – 31%
Өнеркәсіптік сұраныс – 30%
Коммуналдық тұтыну – 46%
Дереккөз: Watershed Investigations, 2025 ж.
Кавех Мадани, БҰҰ Су ресурстары, қоршаған орта және денсаулық институтының жетекшісі: - Дүниежүзінде 2 миллиардтан астам адам ауыз суға зәру. Ал әлем халқының ¾ бөлігі тіпті қара суға зар боп отыр. Тағы 3,5 миллиард тұрғын санитарлық талап сақталмаған өңірлерді мекендеуге мәжбүр.
Су үнемдейтін технологияларды енгізу, теңіз суын тұщыландыру, суды қайта тазалап пайдалану шығыны көп, бірақ, маңызды шешім. Осы тұста су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру мен климаттың өзгеруіне бейімделу шараларын жүзеге асыру барлығына ортақ міндет, - дейді сарапшылар.
Авторы: Нұрбике Жігер
Ирак мұнайды суға айырбастайды
Қара судың қасиетін сезетін күн жақындап келеді. Болашақта жер, қазына, байлық үшін емес бір ұрттам су үшін соғыс болуы ықтимал. Мұны айтып отырған емес, әлемдік қауымдастық осылай дейді.
Жерасты суы тұрмақ, кейінгі 55 жылда, әлемдегі өзен-көлдердің 50 пайызы жағадан алыстап кеткен. Үлкен қауіп осы. Тіпті, «су дағдарысы» деген термин ескіріп, «су банкроттығы» деген жаңа ұғым қолданысқа еніп келеді. Мәселен, қазір Иракта су мұнайдан да қадірлі. Ресми Бағдад тіршілік нәріне қол жеткізу үшін Түркиямен арнайы келісім жасасқан. Яғни, Анкара су берсе, Ирак орнына мұнай ұсынады. Ирак мұнайды суға айырбастайды. Мұны америкалық CNN телеарнасы хабарлады.
Бағдад Тигр мен Евфраттың суын тұтынады. Ал бұл өзендердің бойынна Түркия үлкен канал қазып, суды бұрып алған. Ал шөлейтті аймақта әуелден жауын-шашын аз. Оның үстінде климаттың өзгеруі жағдайды тіптен қиындатты. Бұдан бөлек, сырттан Батыстың санкциялары, іште жемқорлық жегідей жеп барады. Құрғақшылықтың салдарынан Иракта 120 мың адам үйін тастап, көшуге мәжбүр. Бір тәуірі Бағдад Анкараның бабын тауып, суды бірлесіп пайдалануға келіскен.
Мұхаммед Абдуллах, шаруа: - Жер асты сулары да қатты азайған. Бұрын 7–8 метр қазсаң, бірден су шығатын. Ал қазір 60 метр құдық қазып, әрең жеттік.
Бағдад мұнайдан түскен қаржыны арнайы әлеуметтік қорға күнде аударып тұрады. Ал түрік компаниялары Ирактағы су инфрақұрылымын жаңартуға уәде беріп отыр. Мұнысын аймақтағы тұрақтылық пен экономикалық ынтымақтастықты арттыруда маңызды шешім, деп атады. Бұған қатысты Ирак халқының пікірі сан алуан. Бірі бұл уағдаластықты мұнайдан түскен табысқа байланыстыру қателік десе, енді бірі тіршілік нәрі қысым көрсетудің құралына айналмай ма деп күдіктенеді.
CNN-нің дерегі бойынша, Ирак мұнай қоры бойынша әлемде 5-ші орында. Жер қойнауында 145 млрд баррель қара алтын жатыр. Сөйте тұра, қара суға зәру. Тіршілік нәрі үшін Түркияға мұнайдан түскен табысынан бөліп беріп отыр.
Акрам Хедхир, жергілікті шаруа: - Біз тіршілік нәрінің 60 пайызын көрші елдерден аламыз. Иран мен Түркия суды өз қалауынша аз-аздан ғана жібереді. Сондықтан Иракқа су жетпей отыр. Бәрі сол елдердің шешіміне байланысты. Қаласа, су береді, қаламаса, түк те жоқ. Бұл мәселе сауда мен мұнай келісімдері арқылы шешіледі.
Кабул халқы қара суға зәру
Ауғанстан астанасы да сусыз қалуға шақ тұр. Тіршілік нәрінің көзі әрі кетсе 4 жылда таусылуы мүмкін. Бұған климаттың өзгеруі, халық санының өсуі және тіршілік нәрін тиімсіз пайдалануы себеп.
2000-шы жылдың басында шаһарда 2 жарым млн адам тұрса, қазір бұл көрсеткіш 6 млн-дай ғана. Ауғанстан жерасты суларына тәуелді. Кейінгі он жылда деңгейі 25-30 метрге төмендеген. Ал 2030 жылға қарай толық сарқылуы ықтимал. Көшелерде құдықтар бар. Бірақ, суы ішуге жарамсыз. Ал сатып алуға бәрінің бірдей шамасы жоқ.
Жергілікті тұрғын: - Жұмыс жоқ, жағдай ауыр. Тамақ алуға да ақшамыз жоқ. Суды қайдан аламыз? Сондықтан, адамдар лас суды ішуге мәжбүр.
Қазақстан да бұл қауіптен алыс емес. Өйткені, Орталық Азиядағы ең ірі өзен көзі - Әмударияда. Тәліптер осы судың басында отыр. Демек, Орталық Азия елдеріне Ауғанстанмен келісу арқылы тіршілік нәрін бөлуден басқа амал жоқ. Бірақ, тәліптердің өздері де суға жарымай отыр қазір.
Кофе алқаптарының 20% жарамай қалуы мүмкін
Кейінгі жылдары Бразилияны да қуаңшылық қос бүйірден қысып келеді. Шаруалар 2050 жылға қарай алқаптағы кофенің бестен бірі қурап, жарамсыз болуы қалуы мүмкін деп алаңдайды. Сондықтан суаруды аса қажет етпейтін жаңа сұрпын шығаруға білек сыбана кірісті. Бұған бразилиялық агрономдар кофе дәндерінің ішінен - жұрт сүйсініп ішетін арабика сұрпының, құрғақшылыққа төзімді түрлерінің генін селекциялау арқылы қол жеткіземіз дейді. Қазір зертханада сынақтан өтіп жатыр. Агрономдар кофенің жаңа сұрпы ысырапты азайтып, өнімділікті көбейтеді деп сенеді.
Оливейро Геррейро Фильо, агроном: - Егер құрғақшылыққа шыдайтын, күтімді аса қажет етпейтін арабиканың жаңа сұрыпын шығарсақ, Бразилияда кофе өсіру әлдеқайда тиімді бола түседі. Әрі бәсекеде бәсіміз биіктейтіні анық.
Иә, сусыз тіршілік жоқ. Мұны адамзат енді сезіне бастады. Үлкен судың бастауында отырған елдердің тіршілік нәрін саудаға сала бастауы жағдайды кез келген уақытта ушықтырып жіберуі ықтимал. Ендігі қауіп осы.
Кабул сусыз қалуы мүмкін
Ауғанстан астанасы 5 жылдан кейін мүлде сусыз қалуы мүмкін. Жағдайдың ушығуына климаттың өзгеруі, халық санының өсуі және тіршілік нәрін тиімсіз пайдалану себеп. Қазір шаһардағы ұңғымалардың жартысына жуығы кеуіп кеткен. Жерасты суларының деңгейі кейінігі он жылда 25-30 метрге төмендеген. «Төрт жылдан кейін толық сарқылу қаупі бар», - дейді мамандар.
Әлем жаһандық су банкроттығы дәуіріне қадам басты – БҰҰ
АСТАНА. KAZINFORM – Біріккен Ұлттар Ұйымы Университеті жариялаған баяндамада әлем «жаһандық су банкроттығы дәуіріне» енгені айтылып, жер асты суларының созылмалы сарқылуы, су ресурстарын рұқсат етілген шектен тыс бөлу, жер мен топырақтың деградациясы, ормансыздану және қоршаған ортаның ластануы жағдайында әлем көшбасшыларын ғылыми деректерге сүйене отырып жаңа шындыққа бейімделуге шақырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Баяндама 26-27 қаңтарда Сенегалдың Дакар қаласында өтетін жоғары деңгейдегі кездесудің қарсаңында жарияланды. Бұл жиын 2026 жылы өтетін БҰҰ-ның Су жөніндегі конференциясына дайындыққа арналмақ. Аталған конференция 2026 жылғы 2-4 желтоқсанда Біріккен Араб Әмірліктерінде өтеді.
Баяндама авторларының атап өтуінше, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада жағдай аса күрделі. Бұл өңірлерде су тапшылығы, климаттық соққылар, ауыл шаруашылығы өнімділігінің төмендігі және құмды дауылдар байқалып отыр.
БҰҰ мәліметінше, Оңтүстік Азияның бірқатар аймақтарында жер асты суларына қарқынды тәуелді ауыл шаруашылығы мен урбанизация грунт сулары деңгейінің созылмалы төмендеуіне және жер бедерінің жергілікті шөгуіне әкелген.
Ал АҚШ-тың оңтүстік-батысында Колорадо өзені су ресурстарын шамадан тыс пайдалану, климаттың өзгеруі және соған байланысты құрғақшылық салдарынан туындаған су дағдарысының символына айналды.
Жаһандық деректер мен соңғы ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, баяндамада адам әрекеті салдарынан қалыптасқан үрдістердің ауыр көрінісі келтіріледі:
– 1990-жылдардың басынан бері әлемдегі ірі көлдердің 50 пайызы су көлемінің белгілі бір бөлігін жоғалтқан; – соңғы 50 жылда жойылған табиғи батпақты алқаптардың аумағы 410 миллион гектарды құрады, бұл көлемі жағынан Еуропалық одақпен шамалас; – 1970 жылдан бері мұздықтардың жаһандық массасының 30 пайыздан астамы жойылған, ал төмен және орта ендіктердегі тұтас таулы жүйелер алдағы онжылдықтарда функционалды мұздықтардан толық айырылуы мүмкін; – ондаған ірі өзен жылдың жекелеген кезеңдерінде теңізге жетпей қалады; – 4 миллиард адам жылына кемінде бір ай су тапшылығын қатты сезінеді; – 3 миллиард адам су қоры жалпы көлемі азайып жатқан өңірлерде өмір сүреді, дәл осы аймақтарда әлемдік азық-түліктің 50 пайыздан астамы өндіріледі; – 2022-2023 жылдары 1,8 миллиард адам құрғақшылық жағдайында өмір сүрген.
«Біз жойылып кеткен мұздықтарды қайтара алмаймыз. Бірақ, қолда бар табиғи капиталдың одан әрі жоғалуына жол бермеуге және жаңа жағдайларда өмір сүру үшін институттарды қайта құруға қауқарлымыз», – деді баяндама авторларының бірі Мадани.
Алда өтетін іс-шаралар, соның ішінде 2026 жылғы БҰҰ-ның Су жөніндегі конференциясы осы күн тәртібін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Асхат Райқұл
2040 жылға қарай 33 ел, соның ішінде Түркия да су тапшылығына ұшырайды
АСТАНА. KAZINFORM – 2040 жылға қарай әлемнің 33 елі, оның ішінде Түркия да су ресурстарының аса қат тапшылығына ұшырауы мүмкін, деп хабарлайды Anadolu.
Халық санының өсуі, климаттың өзгеруі және тұтынудың артуы су ресурстарына түсетін қысымды күшейтіп, су қауіпсіздігін жаһандық негізгі сын-қатерлердің біріне айналдырып отыр.
Болжамдарға сәйкес, 2040 жылға қарай 33 мемлекет «өте жоғары су стрессі» аймағына кіреді. 167 елді қамтыған Дүниежүзілік ресурстар институтының (WRI) зерттеуінде халық санының өсуі, урбанизация және климаттық өзгерістер аясында су қорының жылдам азайып бара жатқаны көрсетілген.
Әсіресе, Таяу Шығыс өңірінде жағдай күрделі. Мұнда су қауіпсіздігі деңгейі әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі болып отыр. Көптеген елдер жер асты суларына және теңіз суын тұщыландырудың қымбат технологияларына тәуелді. Мұндай нысандарға зақым келген жағдайда, мысалы әскери қақтығыстар кезінде, миллиондаған адам ауыз суға қол жеткізе алмай қалуы мүмкін.
Бұған дейін Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған болашақта мемлекеттер арасындағы қақтығыстар мұнай үшін емес, су үшін туындауы ықтимал екенін атап өткен болатын. Ол су ресурстарының стратегиялық маңызы артып келе жатқанын айтты.
Сарапшылардың пікірінше, су тапшылығы тек экологиялық мәселе емес, ол экономикаға, азық-түлік қауіпсіздігіне, энергетикаға және көші-қон үдерістеріне тікелей әсер етеді. Қазіргі таңда әлем халқының шамамен жартысы жылына кемінде бір ай су тапшылығын сезінеді.
ЮНЕСКО деректеріне сәйкес, 2 млрд-тан астам адам қауіпсіз ауыз суға қол жеткізе алмай отыр, ал 3 млрд-тан астам адамның базалық санитарлық қызметтерге мүмкіндігі жоқ.
Мамандардың айтуынша, су ресурстарын тиімді басқару мен тұрақты шешімдер қабылданбаса, жағдай одан әрі ушығып, әлемнің көптеген өңірінде әлеуметтік және экономикалық тұрақсыздықты күшейтуі мүмкін.
Асхат Райқұл
Алдағы жылдары Орталық Азияда су тапшылығы қаупі күшеюі мүмкін
Алдағы 15-20 жылда Орталық Азияда су тапшылығы қаупі күшеюі мүмкін. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының мамандары осылай деп мәлімдей келе, су қауіпсіздігі жөніндегі талдамалық баяндаманы таныстырды.
Құжатта өңірдегі су ресурстарының қазіргі ахуалы, климаттық өзгерістердің ықпалы және негізгі тәуекелдер кешенді түрде талданған. Сонымен қатар, су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру, оны әділ бөлу және түрлі секторлар арасындағы үйлесімділікті күшейту мәселелеріне назар аударылған. Cарапшылар: «Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өңірлік деңгейдегі ынтымақтастық пен келісілген саясат шешуші рөл атқарады», - дейді.
Барбара Януш-Павлетта, Су ресурстарын басқару жөніндегі халықаралық институттың Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі: - Су ресурстары трансшекаралық сипатқа ие болғандықтан бұл мәселені бір елдің деңгейінде шешу мүмкін емес. Ең маңыздысы –өңірлік ынтымақтастықты күшейту, өзен алаптарын бірлесіп басқару және деректермен алмасу тетіктерін дамыту. Осындай үйлесімді саясат қана Орталық Азиядағы су қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады.
Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құруды көздеп отыр
KAZINFORM – ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы атқарушы хатшысының орынбасары Дмитрий Марьясинмен кездесті.
Тараптар су саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегін және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ құрылымы аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын талқылады.
Министрдің айтуынша, ҚР Президентінің бастамасы Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясындағы консультацияларға қатысушылар тарапынан оң қолдау тапқан. Консультацияларға 30-дан астам мемлекет пен 20 халықаралық ұйымның шамамен 140 өкілі қатысты.
Қазіргі уақытта биылғы шілде айында Нью-Йоркте өтетін БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі жоғары деңгейлі саяси форумы алаңында халықаралық консультациялардың екінші кезеңін өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
- Су мәселелерін шешудің орнықты тәсілдерін ілгерілету және өңірлік ынтымақтастықты нығайту бағытында Орталық Азия елдеріне тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясына алғысымызды білдіреміз. Қазақстан ЕЭК-пен әріптестікті жоғары бағалайды және оның қызметіне қатысуды елдің су қауіпсіздігін нығайтудың маңызды тетігі ретінде қарастырады. Қазіргі таңда су ресурстарына қатысты сын-қатерлердің күшеюі жағдайында халықаралық өзара іс-қимылдың, сараптамалық және әдістемелік қолдаудың маңызы артып келеді. Сонымен қатар, су саласындағы халықаралық бастамаларды ілгерілету үшін БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясымен ынтымақтастық әлеуетін тиімді пайдалануға мүдделіміз, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Айдар Оспаналиев
Суды сақтау – әлемді сақтау
Аралды сауықтыруға Орталық Азия тұрмақ өзге де мемлекеттер мүдделі болуы тиіс. Себебі, бұл аймақтық емес, жаһандық проблема. Ғалымдар теңіздің тартылуы салдарынан шаң мен улы тұз желмен көкке көтеріліп, тозаңы Еуропа мен Антарктидаға дейін жеткенін айтады. Жалпы қоршаған ортаны қорғау және тұрақты дамуын қамтамасыз ету – жер-жиһанға ортақ іс. Өйткені, экология адам қолымен жасалатын технология емес. Экология тұтастық ұғымын білдіреді. Сондықтан осы бағытта білімді көтеріп, мәдениетті арттырып, баянды бағдарламалар жасалуы тиіс.
Астанадғы экологиялық саммит аясында сан тақырып талқыға салынады. Соның ең негізгісі, тіршіліктің күре тамыры - су турасында талдау көп. «Арал тағдыры – адам тағдыры». Сырдария мен Әмудария маңын мекендеген 5 млн-ға жуық жұрттың ұрты бағзыдай толы емес.
Негізі үш тіршілік көзін бөліп-жаруға болмайды. Бір бүтін. Бірінің өзегін бірі жалғап, нәрленетін. Әйтсе де дәрмені әлсіреді. Қай-қайсысы да суға қарық емес. Қазақ пен өзбек суармалы жерлеріне алаңдаса, қырғыз бен тәжікке энергетика мәселесі бас ауру. Осылайша айдынды кемеріне келтіру - Орталық Азияның көп жылдан бері ортақ проблемасына айналды. Солай бола тұрып, арада келісті келісім жоқ.
Ерлан Бадашев, су саласы бойынша халықаралық сарапшы: - Соның аясында осы күнге дейін жақсылы-жаманды суды бөлісіп келеміз. Сырдария суын. Бірақ сол келісімнен 10 шақты жыл болды, Қырғызстан шығып кетті. Тағы бір айтатынымыз ол келісім ратификациядан өтілмеген. Сосын ең қызығы, ол кездегі су бөлу схемамен жасалады. Сырдарияның 30 млрд суын мысалы өзбекке қанша, бізге қанша деп бөліп беретін суды сол кездегі кеңес өкіметінің гос план деген мемлекеттік бақылау комитеті күшті болды. Соның сызбасымен, соның схемасымен жасалған. Қазіргі таңда оны сотқа берсек жеңе алмаймыз. Өйткені жоқ мемлекеттің схемасы.
Экологиялық саммиттің салмағы да осында. Орталық Азия елдері бір-біріне обал жасамау үшін олқы тұстарды оңтайлап алуы тиіс. Мәселе көп болғанымен мәміле біреу. Ол – су дипломатиясы. Президент осы ұғымды ұғындыруға ұмтылып жүр.
ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президент /Астана, 09.07.2025/
Біз осы себепті су дипломатиясын күшейтуді қолға алуымыз керек. Аталған аса маңызды іске кадрларды даярлап, іріктеуіміз қажет. Ең алдымен, трансшекаралық өзендер бассейніндегі суды тиімді пайдалану жүйесін жолға қою үшін көршілес мемлекеттермен ықпалдастыққа мән берген жөн. Қазақстан су ресурстарын рационалды, әділ әрі тең құқылы негізде пайдалану қажет деген ұстанымды жақтайды. Саммит аясында суды басқарудың жаһандық реформасы жайлы сөз болады. Сосын сатылай түсіп, контингенттік және бассейндік үйлестіру мәселесі де көтеріледі. Өйткені, жергілікті жерден жіктеп, жүйелемесе түбі әлем әбігерге түседі. Әуре-сарсаңға қазірдің өзінде куә болып жүрміз.
Болат Есекин, Су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруі жөніндегі орталық азия платформасының үйлестірушісі: - Әсіресе, суды бассейндік басқару маңызды. Өйткені, біздің басқару секторларға бөлінген. Бұлар – ауыл шаруашылығы, энергетика, сауда, экология, өнеркәсіп. Осылай тізім жеке-жеке. Міне, солар жалпы су жағдайын ескермей ресурсты алып жатыр. Ал бассейндік басқару кезінде жоғарыда аталғандардың бәрін бір арнаға тоғыстырып, су көзінен бастап, бір-біріне қалай әсер етіп жатқанын бағамдауға болады. Бұл прогрессивті қадам. Франция, Канада сияқты елдерде тиімділігін көрсеткен.
Табиғат қиянатты ұмытпайды. Қасарысқанға қасақана зиянын тигізуі бек мүмкін. Осы ретте тағы бір тарқатылмақ өзекті тақырып: өзен-көлдерді кемеліне келтіру. Бөгет салып, сағасын бұрып, арнасын тарылтып, ластап алғанымыз анық. Сондықтан «ауруын жасырған өледінің» керіне түспей, су ағынын реттеу қажет, дейді спикерлер. Бұдан бөлек халықаралық су ұйымын құру жайы айтылады. Қатысушылар су тапшылығы мен сын-қатерлері күшейіп келе жатқан елдерді қолдау үшін БҰҰ-ның мандатын талқылайды. Орталық Азиядағы су секторын тұрақты қаржыландыру қуқары қаралады. Себебі, климаттың өзгеруі, халық санының өсуі суға сұранысты еселей түсті. Қазіргі трансшекаралық сипат және инфрақұрылымның нашарлауы да қысымды күшейтті. Соның бәрі тұрақты және ұзақ мерзімді қаржыландыру тетіктерін іздеуді талап етеді.