Оқ ішінде от кешіп жүріп, намазын қаза етпеген Хан Кене
Оқ ішінде от кешіп жүріп, намазын қаза етпеген Хан Кене
9 жыл бұрын 11129
Марфуға Шапиян

Әкем Мұстафа Шоқайды жақсы көрді. Азаттық жолында үлкен күрес жүргізген тұлғалар туралы кітаптан оқып-білгендерін біздерге, балаларына айтып бергенді ұнататын. Мұстафаның Түркістан легионын  құрып, тұтқынға түскен қазақ, мұсылман әскерлерін бір тудың астына жинай бастаған жеріне келгенде жанарынан от шаша әңгімелейді, ал Шоқайдың өмірден өтетін тұсына жеткенде кәдімгідей «аһ» ұратын. Алаш көсемдері Әлихан, Ахметтердің есімін де алғаш әкемнен естідім. Бірақ әкем бәрінен артық көрген бір қаһарман бар, ол – Кенесары хан еді. Қазақтың соңғы ханының тәуелсіздік жолындағы ұлы күресін, ерлігін таңды-таңға ұрып әңгімелеуге бар-тұғын. Әке сүйіспеншілігі маған да беріліпті. Хан Кененің есімі естілген тұста жүрегімнің соғысы өзгеріп сала береді. Көз алдыма қиян-кескі соғыс ортасында атойлап жүрген ержүрек қолбасшы келе қалады. Осылай оқ ішінде, от кешіп жүрген Кенесарының өзінің де, әскерінің де намазын қаза етпегенін естігенде таңғалмай көр! Алғаш оқығанда Құдайға құлшылық пен ұлтқа қызмет етуді өз басының рахатынан да жоғары қоятын осындай тұлғалар өткен екен ғой деп мен де таңғалғам...

 

Орысқа Исламды қабылдатпақ болған Кенесары

Қазақтың соңғы ханы, тәуелсіздік жолындағы үлкен күрестің құрбаны болған Кенесары Қасымұлының арғы бабасы – атақты Шыңғысхан, өз атасы – үш жүздің басын қосқан хан Абылай. Тарихшы Е.Бекмахановтың жазуынша, Кенесары өз тұстастарынан жас кезінен батылдығымен, ержүректігімен ерекшеленген. Ол достарына: «Мен ешқашан өзімнің батырлығымнан танбаймын және керемет ерлік көрсетіп барып өлемін», – дейді екен. Кейін Кенесары шынында да ержүрек батыр және даңқты қолбасшы болды. Тарихшы Смирнов ол туралы ерекше сүйсініп: «Иығында полковниктік белгі эполеттары бар, барқыт бешпенті бойына жарасқан, соңынан ту ұстаушылары ерген Кенесары ылғи өз тобының алдында құйғытып бара жататын», – деп жазды.

Ешкімнің алдында басын имеген Кене ханның маңдайы намазда ғана сәждеге тиіп, иіледі екен. Көзін көрген қариялар оны дініне берік адам ретінде суреттеген. Қолда бар деректер де соны растайды. Тіпті тұтқынға түскен орыстардың өзіне Ислам дініне кіруді ұсынып, есесіне жақсы сыйлық жасап, әйел алып бермек болған. Мысалы, Кенесарыда тұтқында болған П.Федоров тергеуде: «Кенесары бірнеше рет православие дінінен бас тартуға үгіттеп, қыздардың ең жақсысына үйленуді ұсынды, алайда мен әртүрлі сылтау айтып көнбей қойдым», – деген жауап айтқан.

Кенесары діні бөлек болса да, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) секілді соғыста түскен тұтқындарға жақсы қараған. Семей приказчигі Уфимцев те, 1844 жылы Кенесарының тұтқынында болған урядник Андрей Иванов та ханның өздеріне жылы қабақ көрсеткенін, тек отын дайындау мен құдық қазуға пайдаланғанын айтады.

 

Құнанбай мен Кенесары расымен жау болды ма?

Халық ішінде де, ғалымдар арасында да Құнанбай қажы мен Кенесары ханның арасында бітіспес жаулық болғаны жөнінде жиі әңгіме болады. Хан өмірбаянын зерттеуші Ж.Қасымбаев «Кенесары хан» атты кітабында: «Кенесарының ашық жауларының бірі – Құнанбай Өскенбаев», – деп жазды. Бұған негізгі себеп ретінде Кенесары хан әскерін қудалауда Құнанбайдың Ресей патшалығына көмек қолын созғаны, кейін патша тарапынан марапатталғаны айтылады. Бірақ біз олай ойламаймыз. Қазақтың екі даңқты перзенті бір-бірін түсінсе, түсініссе керек. Өйткені жазушы Мұхтар Әуезовтен қалған мынандай дерек бар: «Құнанбайдың жаңалығын айтсақ, діндарлығы ғана болады ғой деймін. Бұл ел ішінен зекет жиғызып, молда ұстатып, намаз оқу, ораза ұстауды жайған. Сонымен бірге пайдалы бір жаңалығы бала оқытуды өз маңайына салт қылып жаймақшы болған. Өз балаларын оқыту, ағайындарына балаларын оқытқызу сияқты. Құнанбайдың бұдан соңғы ел есінде қалған бір ісі – орыс ұлығының бұйрығы бойынша Кенесарыны қуғандығы. Тегі Кенесарының Ұлытау, Кішітаудан көшіп, Ұлы жүзді бетке алып бара жатқан кезі, яки Балқаштың Қамал деген түбегіне қарай көшіп бара жатқан кездері бола ма, әйтеуір сол жүрісінің бірінде үкіметтің бұйрығы бойынша Құнанбай старшын күнінде Кенесарыны қуа шыққан орыс отрядымен бірге қазақтан кісі алып бірге қуысқан. Қуған қол Кенесарының көшіне жетіпті. Көштің жанында Кенесарының өзі де болса керек. Олар бір топ кісі болып жиналып, бір араға келгенде Кенесары атынан түсіп намаз оқыпты. Сонда орыс бастықтары шабайық дегенде, Құнанбай «намаз уақытында шаппаймыз» деп шапқызбай қойыпты. Сол жолда Құнанбай қолымен келе жатқан қазақты жиып алып, Құрғылықтың ішінде кеңесіп, Кенесарыны ұстамауға, қас қылмауға келісіпті дейді. Кейін атыс болғанда Жуантаяқ Төбет деген батыр Кенесарының қолының бір батырын қуып, найзаламақшы болған екен, соны Құнанбай сабатыпты дейді».

Бұдан өзге де Құнанбай патша әскерімен Кенесарының соңынан қуған болып, бірақ өзі оларға білдірмей ханға «артыңнан келе жатырмыз» деп хабаршы да жіберіп отырған деседі. Қалай болғанда да заңғар жазушымыз Әуезовтің жоғарыдағы сөздерінен кейін Кенесары мен Құнанбайды жау болды деу, негізді бола қоймас.

 

Мемлекетті басқаруға Ислам заңдарын енгізді

Кенесары хан дінді өзі ғана ұстанып қоймай, қол астындағы халқын діни тұрғыда басқарып, ел ішіне Ислам заңдылықтарын енгізе бастаған. Хан өмірін егжей-тегжейлі зерттеп, кейін сол үшін сотталған тарихшы Е.Бекмаханов: «Кенесары сот реформасын жасағанда, өзіне елеулі ықпал еткен ізашарларының ісін жалғастыра білді. Сондай ізашарлардың бірі тарихта әдеттегі құқық жинағы «Жеті жарғының» авторы ретінде белгілі, ірі сот реформаторы Тәуке хан еді. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы тағы бір ірі тұлға, Кенесарының заң шығарушылық қызметіне елеулі ықпал жасаған Арынғазы сұлтан болды. Арынғазының заң шығарушылық қызметіндегі бір жаңалық – ол сот ісін қазақтардың әдеттегі құқығы бойынша емес, шариғат дәстүрі бойынша жүргізу. Бұл сөзсіз түрде оң қадам және қазақтардың құқықтық қатынастарының дамуындағы белгілі бір кезең болды. Арынғазының заң шығарушылық қызметі туралы Мейендорф былай деп жазды: «Өзіне халықтың ықыласын аудару үшін әділ сот жүргізуде, бірақ ол сот ісін аталар заңы бойынша емес, ешкім білмейтін бейтаныс Мұхаммед заңдары бойына жүргізді». Кенесарының қызметінде қазақтардың әдеттегі құқығын тура жолға шығару байқалмаса да, оны бар уақытта қолдана қойған жоқ. Бұл жағынан оның Арынғазымен ұқсастығы көп еді», – деп жазды.  

Кенесары ханның мемлекет басқару ісінде «Хан кеңесі» жұмыс істеді. Осы кеңестің құрамындағы, Кенесарының бас уәзірі есебіндегі Сайдақ қожа Самарқан мен Бұхарада білім алған, дін адамы еді. Ханның маңайына одан өзге де діни білімі жоғары адамдар шоғырланған болатын.

 

Кенесары ханның діни білімі болды ма?

Кенесары ханның зауаты болғанын оның ел ішіне енгіздірген шариғат заңдарынан да білуге болады. Хан өзге мұсылман елдеріндегідей мал шаруашылығымен айналысатын аудандардан «зекет», ал егіншілерден «ұшыр» салығын алып отырған екен. Тарихшылар оның зекет жинағанда белгілі бір заңдылыққа бағынғанын, яғни «40 басқа дейінгі малдан салық мүлде алынбады, 40 бастан 100 басқа дейінгі малдан 1 бас алғанын» келтіреді. Міне, осының өзі ханның кейбір фиқһ мәселелерінен де хабардар болғанын аңғартады.

Сонымен қатар, соңғы кездері Хан Кене тақырыбында қалам тербеп жүрген белгілі дінтанушы Мұхан Исахан өз зерттеуінде: «2000-шы жылдардың басында Кентау қаласының іргесіндегі көне Қарнақ медресесіне соғып, оқу орнының өткен тарихымен танысудың сәті түсті. Медресенің мұрағатынан осында оқыған шәкірттердің тізімі табылыпты. Тізімге қарап отырсам қазақтың бірқатар билеушілері осында білім алған екен. Ішінде Кенесары ханның аты да ұшырасты. Демек, Хан Кененің өзі де құр жайдақ емес, белгілі бір деңгейде діни сауаты болған. Оның мемлекеттік басқаруда шариғат заңдарын басшылыққа алуына, осы діни білімі әсер етке керек», – деген дерек келтіреді. Ал ханның баласы Ахмет сұлтан Кенесарыұлының естелігінде: «1844 жылы Сібір жақтан шыққан отряд Кенесары жоқ кезде Жезді мен Ұлытау маңындағы Ақши деген жерде қыстап отырған ауылын шауып, Күнімжан деген бәйбішесін ұстап алып кетті. Кенесары естіген бойда өз әскерімен отрядты қуғынмен кездестіре алмады, отряд басқа жолмен кеткен еді. Кенесары Құдайдың салғанына көніп, пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһү ғаләйһиссәлламның «Сабыр еткен жетер мұратқа» деген сөзін еске алып, сабырмен істің аяғын күтті. Кенесары хан қаза болғаннан кейін оның екі әйелінен сегіз ұл қалды. Кенесары ханның балалары Түркістан хәкіміне қарап, қоңыраттардың арасында тұрып жатты. Балиғылыққа жеткенге дейін ауылдарында молда жалдап сабақ оқыды. Сонымен қатар, атқа міну, мылтық ату әдістерін үйренді», – деп жазды. Балаларының өзі діни білім алғанда, Кенесары хан оқымады деуіміз шындыққа жанаспаса керек.

Рас, Кенесары хан өлімі – қапыда кеткен өкінішті өлім. Арада ғасыр өтсе де қырғызды көрген жерде қазақ соңғы ханының басын сұрайды, оны әлі күнге дейін жоқтайды. «Рақымды бір ғана Алладан күту керек, ал орыс басшыларынан оны күтудің қажеті жоқ» деген Кенесары арманы болған тәуелсіздік – бүгінгі қазақтың бақыты. Тек сол қазақ ханының арманы баянды болғай!..

7 пікір
  • Алла разы болсын Марфуға қарындасым. Мақалаңда кейбір зерттеулерде айтылып жүрген Хан Кенесары мен Құнанбай атамыздың арасында бір-біріне деген дұшпандық болған деген қате пікірді дәйекті фактымен жақсы түзетіпсің. Хан Кенесарының орысқа ашқан соғысы "Жиһад" ұғымының аясында болғандығын да зерттеп, келесі бір мақалалаларыңның бірінде жазарсың. Бұл мақалаң сайтымыздың атынан қазақ хандығының 550 жылдығына арналған өзінше бір шашу болды.
    9 жыл бұрын
  • Иә, Хан Кененің басы алынуымен қасиетті күрестің оты сөніп, көтерілістің он жыл бойы желкілдеген туы түбінен жығылды. Хан Кененің бақилық болуымен, Керей мен Жәнібек негізін қалаған хандықтың жаназасы шығып, басымызға ұзын-ырғасы бір жарым ғасырға созылған бодандықтың қамыты кигізілді. Хан Кененің қаза болуымен бостандығын бағалай алмаған халық, бұдан кейінгі өмірінде тәуелсіздіктің тақсыретін тартумен болды. Хан Кененің қаза болуымен ерліктің рухы бәсең тартып, ен далада жортқан көкжалдар азайып, жерімізді шибөрілер шиырлай бастады. Хан Кененің опат болуымен, халқымыз қайғы-қасіретке оранып, қарағай басын шортан шалды. Хан Кененің опат болуымен, басымыздан бағымыз тайып, көкжиегімізді мұнар шалды... ("Хан Кененің қазасы, Алашымның азасы" атты кітаптан үзінді)
    9 жыл бұрын
  • Марфуга салеметсизбе! суйсынып отырып толгымен окып шыктым, ары Кунанбай атамызбен Хан Кене арасындагы араздык бурыннан беры толгандырып журген болатын мены.. Енды барын уктым, Улкен рахмет айткым келеды. Соныменде коса бабаларымыз жайлы тунган тарихи маглуматтарды кайдан тауып окысам болады?
    9 жыл бұрын
    • Сәлеметсіз бе! Жылы пікіріңіз үшін рахмет! Кенесары бабамыз туралы негізінен тарихшы Ермұхан Бекмаханов жазған. Сол кісінің еңбектерін және Ж.Қасымбаевтың, өз баласы Ахмет төренің хан туралы кітаптарын оқысаңыз болады :)
      9 жыл бұрын
  • Бәрекелді! Алла разы болсын!
    8 жыл бұрын