Күріш революциясы
Күріш революциясы
5 жыл бұрын 8043 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Соңғы жылдары аграрлық сала ғалымдары Азия халықтарының негізгі азығы саналатын күріш өсіруден ауыз толтырып айтатындай толағай жетістіктерге жетті. Олар «суасты күріші» деп аталатын, ұзақ уақыт бойы сел-тасқын астында шірімейтін төзімді тұқымын шығарды. Таяуда Филиппиндегі халықаралық күріш ғылыми-зерттеу институты (IRRI) ауыл шаруашылығындағы әр алуан өсімдік жөніндегі ғаламдық қормен арнайы келісім-шартқа отырды. Қазіргі уақытта 3,5 млрд-тан аса адам қорек етіп отырған дәнді дақылдың 136 мың сортын сақтауға әрі таратуға жүйелі түрде қаржы тарту үшін. IRRI-дің бас директоры Мэтью Морелдің айтуынша, аталмыш институттың баға жетпес генетикалық банкі күріштің сапасын арттыруға, дәлірегі, климаттық өзгеріске төзімді әрі экологиялық таза өнім алуға мүмкіндік беруде. Яғни, климаттың жағымсыз әсері өз кезегінде топырақтың құнарлылығына көмірқышқыл газының жағымды әсерін арттырмақ. Шанхайдан солтүстікке қарай орналасқан Шаньдун провинциясындағы жағалауда ғалымдар құнары нашар топырақты 20 млн гектар алқапта, дәлірегі, су арнасынан асқанда су жайылатын және қайтатын жолақта күріш өсіре білді. Әсіресе, Сары өзеннің сағасы мен атырабында күріш өсіре алды. Бұл алқаптағы күрішпен қосымша 80 млн адамды қамтамасыз етуге болады. Бұл аталмыш провинция халқының шамамен 80 пайызын немесе күріш негізгі азығы саналатын 840 млн қытайдың 10 пайызын құрайды. Сарапшылардың есебінше, бұл көрсеткіш 2030 жылға дейін арта қоймайды. Бұл аралықта алып держава халқының саны шамамен 1,45 млрд адамға жетпек. Генетикалық модификацияланған күрішпен байланысты дау-дамайдан, талас-тартыстан, қарама-қайшылықтан алыс болу үшін ғалымдар сонау өткен ғасырдың 70-ші жылдардың өзінде тұзды суға күріш өсіруге кіріскен болатын. Алайда, гектарына 4,5-тен 9 тоннаға дейін өнім алуға мүмкіндік беретін күріш сортын бүгіндері ғана шығара білді. Қытай алпысыншы жылдардан бастап өз-өзін күрішпен, жүгерімен және арпамен қамтамасыз етуге барын салған ел. Десе де Қытай әлі күнге күрішті сырттан тасуға, яғни, басқа елдерден импорттауға мәжбүр болып отыр. Өйткені, күрішке деген ел ішіндегі сұраныс 1975 жылдан бастап жылына 125 млн тоннаға артып, 2016 ылы 261 млн тоннаға жетті. Бұл аралықта ел тұрғындарының қарасы 484 млн адамға көбейген еді. Өткен жылдың қорытындысына қарағанда, Қытай әлемдегі ең ірі күріш импорттаушы ел атанды. Күріш ипортының мөлшері 5,1 млн тоннаға жетті. Қытайдан кейінгі бұл тізімде Нигерия тұр - 3,3 миллион тонна; Одан кейінгі орынға Филиппин жайғасқан - 1,9 миллион тонна; төртінші орынға Иран мен Индонезия табан тіреген - 1,7 миллион тонна. Ал күрішті ең көп экспорттайтын елдердің қатарында Үндістан, Тайланд, АҚШ. Пәкістан және Вьетнам бар. Өз халық азық-түлікпен қамтамасыз ету әрі азық-түлік қауіпсіздігіне қол жеткізу халық тығыз орналасқан әрі адамзаттың үштен бірі мекендейтін Азия елдерінің басты мақсаты мен міндетіне айналған. Десе де азиялық елдердің аталған мақсатқа қол жеткізу мерзімі мен деңгейі әр түрлі. Суармалы жерге судың жеткілікті болуы, топырақтың құнарлылығы, дәнді-дақыл алқабының рельефі (әсіресе, таулы-қыратты Вьетнам, Таиланд және Мьянма), т.б. факторлар өз әсерін тигізуде. Индонезияда күріш саяси тақырыптардың біріне айналған. Өйткені, аталған ел күрішпен өз-өзін қамтамасыз еткен әлемдегі алғашқы ел саналады. Индонезия бұл жетістікке 1984-1986 жылдары жеткен болатын. Алайда, бұл жетістікке жыл сайын қол жеткізе бермейді. Аталған елде күрішті тұтыну жан басына шаққанда жылына шамамен 148 келіні құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша Индонезия Мьянмадан, Вьетнамнан және Бангладештен кейінгі орында тұр. Лос-Баньоста орналасқан IRRI-дің жоғарғы технологиялы нысанында тасқын-селге де, құрғақшылыққа да төзімді күріш сорты шығарылды. Бұл күріш сорты жылдан жылға қарасы көбейіп келе жатқан тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруы тиіс. Өйткені, 2050 жылы Азия тұрғындарының саны демографтардың есебінше 5,2 млрд адамға жетпек. Мұншалықты халық әлемдегі күріштің шамамен 90 пайызын тұтынатын болады. Жылына. Қазіргі 450 млн тоннадан 525 млн тоннаға жетпек. Жылына. IRRI зерттеушілері шығарған күріш сорты өткен жылдың өзінде ғана оңтүстік Азияда 1200-нан аса адамның өмірін жалмаған муссондық жауын секілді стихиялық апаттарға, климаттық өзгерістерге төзімді болғандықтан Азиядағы 20 млн гектар алқапқа күріш өсіретін фермерлерге ұшан теңіз пайда әкелмек әрі аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Біз сөз етіп отырған күріш сорты екі апта су астында жатса да шірімейді. Қазіргі уақытта күріштің бұл сорты Үндістанда, Бангладеште, Филиппинде, Индонезияда өсіріледі. Көп ұзамай аталмыш күріш сорты Вьетнам, Таиланд және Камбоджада өсірілетін болады. IRRI ғалымдары Калифорния университетінің мамандарымен бірігіп, табаны күректей қырық жыл бойы ізденіп, үнділік Orissa күріш сортынан ДНК-маркер көмегімен будандастыру арқылы суға төзімді Submarino-1 сортын шығарды. Тұқым тек су астында болғанда ғана «жанданады». Нақтысында келгенде ол судан шығарылмайынша «ұйқыда» жатады. Әдетте кәдімгі күріш сортының сабағы тез өседі, жапырағын су бетінде жаю үшін. Бұл өз кезегінде өсімдік энергиясының қорының тез сарқылуына алып келеді. Қазіргі уақытта суасты күріші Бангладеш пен Үндістанда 600 мың гектар алқапта өсіріледі. Жыл сайын 30 млн адамды тамақтандыруға жететін шамамен 4 млн тоннасы сел-тасқыннан жойылады. Қаржы негізінен планетаның кедей аймақтарындағы климаттық өзгерістердің кері әсерін барынша жұмсартуға ден қойған америкалық миддиардер Билл Гейтстың құрған қорынан түседі. Нақтырақ айтқанда, 2012 жылы алғаш рет өсірілген Swarna Sub-1 күріш сорты Үндістанның шығысында 367 мың гектар жерге және тайфуннан жиі зардап шегетін Бангладештің солтүстік-батысындағы ауыл шаруашылығына жарамды жердің 40 пайызына өсіріледі. Бұл Бангладешті әлем бойынша аса ірі күріш өндіруші елге айналдыруға мүмкіндік берді. Аталған ел күріш өндіруден 6-шы орында тұр. Индонезияда суасты күріші 430 мыңнан аса гектар жерге өсіріледі. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, Суматра аралының оңтүстігіндегі Палембанг және Яваның батысындағы Бандун секілді сел-тасқынға жиі ұшырайтын алқаптарға өсіріледі. Қалыпты жағдайда күріштің әр алуан түрінен орташа есеппен алғанда гектарына 4,5-тен 5,5 тоннаға дейін өнім алынады. Ал сел-тасқын кезінде Ciherang sub-1 сорты екі апта су астында жатқан күннің өзінде гектарына 3,4 тонна өнім алуға мүмкіндік береді. Филиппиндегі жағдайға келсек, аталған күріш сорты бойынша өнім шектеулі. Суасты күріші аталған елде Нуэва Эсиха, Лусонның орталық бөлігі, Солтүстік Котабато және Минданао, Висайяның шығыс бөлігі секілді су мол жиналатын еңісті жерлерде өсіріледі. Аталған аймақта нәпақасын жерден терген жергілікті диқандар мен фермерлердің айтуынша, гектарына шамамен 4,5 тонна өнім алып жүр. Филиппиннің орталық бөлігі жыл сайын тропикалық циклоннан көресіні көріп келеді. Мәселен, 2013 жылы «Хайян» тропикалық циклоннан 4460 адам опат болып, 2000 гектар күріш алқабы тып-типыл болды. Бұл дүлей апаттан келген шығын 224 млн долларды құрады. Сондай-ақ, биыл, қыркүйек айының өзінде «Мангхут» тайфунынан солтүстік Лузонда 275 мың тонна күріштен айырылды. Филиппин билігі осындай табиғи апаттардан орын алған тапшылықтың орнын толтыру үшін жыл сайынғы 1 млн тонна күріш импортын 420 мың тоннаға тағы арттыруға мәжбүр болды. IRRI-дің генетикалық банкінде Азияны өткен ғасырдың алпысыншы және жетпісінші жылдары аштықтан аман алып қалған IR8 «ғажайып күріш» сорты сақтаулы жатыр. Бұл инновация Оңтүстік-шығыс Азиядағы ауыл шаруашылығын түбегейлі өзгерткен болатын. Аталған банк коллекциясында күріштің әр түрлі сортын алуда пайдаланылатын, аптап ыстық пен құрғақшылыққа төзімді, зиянкестер мен түрлі ауруларға төтеп беретін күріштің жабайы сорттарын да табуға болады. Күріштің бұл сортының кейбіреулері Африка құрлығындағы күріш алқаптарындағы басты проблемалардың біріне айналған темірдің улы әсеріне қарсы тұра алатындай етіп модификацияланған, яғни, жетілдірілген. IRRI әлемдегі кедейлікпен күресуге, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, экологиялық жүйені жақсартуға бағытталған зерттеу саласындағы ғаламдық әріптестік орнатқан, сондай-ақ, CGIAR ауыл шаруашылығы саласындағы халықаралық зерттеу өніндегі кеңесші топқа кіретін он бір генетикалық банктердің бірі.

Материалды көшіріп жариялау үшін islam.kz-тің арнайы рұқсаты керек

0 пікір
Мұрағат