Өсімдіктірдің аптап ыстыққа төтеп беруіне көмектесетін бактерия табылды
Өсімдіктірдің аптап ыстыққа төтеп беруіне көмектесетін бактерия табылды
4 жыл бұрын 3784 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Аптап ыстыққа төзімді өсімдіктердің тамырындағы микробтар бидайға температурадан болатын стреске төтеп беруге ықпал етеді. Бұл жайында islam.kz порталы embopress.org ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Өсімдіктердің аптап ыстыққа төзімділігі әр түрлі: біреулері жоғары температураға мейлінше бейімделген, ал кейбіреуінің төзімділігін арнайы әдістермен қалыптастыруға тура келеді. Жаһандық жылынуға байланысты өзекті мәселеге айналған өсімдіктердің, соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өсімдіктердің  аптап ыстық пен құрғақшылыққа төзімділігін арттыру үшін ғалымдар жатпай-тұрмай ізденуде. Аптап ыстық жайлаған өңірлерде арнайы сорттары себіледі немесе сол аймақтың климатына төзімді сортын шығаруға тура келеді, мұның өзі біршама уақыт алатын машақаты көп жұмыс. Аптап ыстық пен құрғақшылыққа төзімді сорты алынғанымен қоршаған ортаның басқа факторларына қарсы қауқар көрсете алмауы да мүмкін болғандықтан бұл тәуекелі де көп іс. Осыған байланысты ғалымдар аптап ыстыққа төтеп беруге топырақ құрамындағы кей бактериялардың көмекке келе алатынын алға тартып отыр. Топырақ құрамындағы бактериялар өсімдіктерге аптап ыстық пен құрғақшылыққа төтеп беруге көмектесіп қоймай, сонымен қатар, сортаңды жерде де өсуіне мүмкіндік бермек. Десе де мынадай сауал туындайды: қандай да бір өсімдік түрін аптап ыстық пен құрғақшылықтан құтқара алатын бактерия өсімдіктің өзге түрін де солай қорғай ала ма? Осыны тексеріп көру үшін Саудиядағы корол Абдалла атындағы ғылыми-технологиялық университеті мен Австрия астанасындағы Вена жоғарғы оқу орнының ғалымдары Мысырдан бастап Үндістанның аумағына дейін аптап ыстық пен қуаңшылық жайлаған аймақта өсетін, күміс индигофер деп аталатын өсімдік тамырының ішінде тіршілік ететін, Enterobacter  тобына жататын SA187 бактериясын зерттеп, зерделеп көрген еді. Бұл тарапта арнайы тәжірибе жүргізіп, индигоферлік бактерияны бидай дәніне «жұқтырып», өнгенін күтеді, өскінді екі сағат бойы 44 °С-қа дейін «қыздырады». Нәтижесінде бидайға зақым келмей өсіп-өнуін жалғастырады. Ал мұндай бактерия «жұқпаған» бидай жылу соққысына шыдамай сарғайып, күйіп кетеді. Бұл бағыттағы тәжірибелер бірнеше жылға созылады: 45 °С-қа дейін ыситын Дубай қаласының маңында да өсіріліп көреді (әдетте бұл өлкеде бидай қыс мезгілінде өсіріледі) – бактериялы бидайдың түсімділігі кәдімгі бидайға қарағанда 20–50%-ға дейін артқан. Ғалымдар бактерияның өсімдікті аптап ыстықтан қорғауға көмектесетін молекулярлы тетігіне үңіліп көрген екен: микробиом бөлетін зат өсімдік тінінде этиленге айналып, ол өз кезегінде жылу стресіне төтеп беруге ықпал ететін гормон секілді қызмет ететін болып шықты. Яғни, бактерия бидайға өзінің стреске қарсы генін кіріктірген.

Ұқсас материалдар:

«Құрғақшылыққа төзімді ету үшін өсімдіктердің метаболизмін өзгертпек» (https://islam.kz/kk/news/gylym/qurgaqshylyqqa-tozimdi-etu-ushin-osimdikterdin-metabolizmin-ozgertpek-14307/#gsc.tab=0);

«Күріш революциясы» (https://islam.kz/kk/news/alem/kurish-revolyutsiyasy-11122/#gsc.tab=0);

«Аптап ыстыққа төзімді бидай шығарылды» (https://islam.kz/kk/news/madeniet/aptap-ystyqqa-tozimdi-bidai-shygaryldy-13540/#gsc.tab=0); 

«Бидайдан гөрі жаһандық жылынуға төтеп беретін астықты өсімдік» (https://islam.kz/kk/news/gylym/bidaidan-gori-jahandyq-jylynuga-totep-beretin-astyqty-osimdik-14713/#gsc.tab=0) 

0 пікір
Мұрағат