Қазақстан өнертапқыштары баланың қауіпсіздігіне арналған ерекше құрылғыны жасап шығарды
Қазақстан өнертапқыштары баланың қауіпсіздігіне арналған ерекше құрылғыны жасап шығарды
9 жыл бұрын 3137 ҚазАқпарат

Қазақстан өнертапқыштары ата-аналар үшін ерекше көмекшіні ойлап тапты. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында «Mongoose» компаниясының менеджері Ирина Иманасова мәлім етті.

«Бұл құрылғы шағын ғана және салмағы да жеңіл. Оны баланың киіміне еш қиындықсыз бекітуге болады. Құрылғы телефонға мобильдік қосымша арқылы қосылып, кейіннен баланың жүрген жері телефонда көрініп тұрады. Нарықтағы «gps трекерлерден» айырмашылығына тоқталатын болсақ, біздің құрылғы баланың жүрген жерін далада ғана емес, сонымен қатар жертөледе, сауда орталықтарында, жалпы барша әлемде еш кедергісіз анықтай алады. Осы құрылғыға алдын ала төленген роуминг енгізілген, сондықтан әлемнің кез келген нүктесінен баланың тұрған жерін көре аласыздар»,-деді И. Иманасова.

Оның сөзіне қарағанда, «Мангуст» құрылғысы аккумуляторының қуаты 20 күнге дейін жетеді.

«Оның тағы бір ерекшелігі - құрылғы су өткізбейді және оңайлықпен сына қоймайды. «Мангуст» баланың тұрған жерін анықтаудан бөлек, оның күнделікті жүріс-тұрысын, әдетін есте сақтайды, бала қай жерде қашан болатынын жүйеге енгізеді. Егер де дағдылы күнтәртіптен ауытқулар болса, яғни мектептен шығатын уақыттан ертерек мерзімде баланы біреу көлікпен сағатына 100 шақырым жылдамдықпен алып кетсе, онда ата-анасының мобильдік қосымшасына арнайы ескерту келеді»,-деді компания менеджері.

Белгілі болғандай, Қазақстанда шығарылатын бұл құрылғылар жаппай сатылымға алдағы жылдың басында шығарылады деп күтілуде. 

1 пікір
  • Елімізде де электроника жағынан өнертапқыштар бар екен, Аллаһ Тағала біздерді компьютер - телефон - автомашина шығаратындарға жеткізгін
    9 жыл бұрын
Мұрағат